Лұқман Хәкімнің есімі көбімізге таныс, әсіресе ол кісінің ғибратты ғұмыры мен өсиеттері халық арасында көп тараған. Ол кісінің есімі Құран-Кәрімде пайғамбарлармен қатар аталып, оның өнегелі өмірі жайында сыр шертетін «Лұқман» сүресі түсірілген.
Асылында, Лұқман Хакім байда, халыққа төрелік айтқан қазы, ел билеген патша да болмаған. Ол қарапайым қара құл болған адам еді. Алайда әдемі сөздерімен, ерекше білімдарлығымен басқалардан оқ бойы озық тұрған.
Бірде Лұқманның қожайыны бір қой сойып, соның ең жақсы жерінен кесіп әкелуін тапсырады, ол ойланып жатпастан сойған қойының тілі мен жүрегін кесіп әкелген екен. Қожайыны оған артынша тағы бір қой сойып, бұл жолы ең жаман екі жерін кесіп алып таста дегенде, ол тағы да ойланып жатпастан қойдың тілі мен жүрегін кесіп алып тастаған екен.
Бұған таңғалған қожайыны оның мәнісін сұрағанда, ол:
— Таза болса, тіл мен жүректен асқан жақсы нәрсе жоқ, ал арам болса, тағы да тіл мен жүректен асқан жаман нәрсе болмайды, — деп түсіндірген екен.
Одан кейін бірнеше ғасырдан кейін дүниеге келген Хақ Елшісі Мұхаммед (с.а.у.) да жүрек пен тілге қатысты тамаша тәмсілдер қалдырды.
Ол (с.а.у.) өз хадис-шарифінде: «Адамның бойында бір кесек ет бар, ол таза болса, тұтас дене таза, ол лас болса, тұтас дене лас болады. Ол — жүрек» десе, тілге қатысты: «Айту күміс, үндемей қалу алтын», — деп айтпас жерде тілді тарта сөйлеуді өнеге етті.